Өлең, жыр, ақындар

<<Түркістан уалаятының газеті>> -ағартушылық пен ұлттық ойдың жаршысы

Қазақ баспасөзінің тарихында айрықша орын алатын алғашқы басылымдардың бірі – «Түркістан уалаятының газеті». Ол 1870 жылдың 28 сәуірінде жарық көріп, «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде айына төрт мәрте таратылды: екі саны қазақ тілінде, қалғаны өзбек тілінде шықты. Әуелде Ресей империясының саяси мүддесіне қызмет ету үшін ұйымдастырылғанымен, уақыт өте келе бұл басылым халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдени мұрасын көтерген, ағартушылық идеяны насихаттаған рухани мінберге айналды.

 

Газет құрылымы екі бөлімнен тұрды: ресми бөлігі патша үкіметінің жарлықтары мен бұйрықтарын қамтыса, бейресми беттерінде ел өміріне қатысты сан алуан мәселелер қозғалды. Мұнда мал және егін шаруашылығы, сауда-саттық, әйел құқығы, тарихи жадыны сақтау сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Редакция жұмысына Ш.М. Ибрагимов жетекшілік жасап, оған қоса Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Әлібеков пен Жүсіп Қазыбеков тәрізді аудармашылар да елеулі еңбек сіңірді. Олардың арқасында қазақ оқырмандарына әлемдік ғылым мен техника жетістіктері, қоғамдық ой-пікір мен жаңа идеялар жетіп отырды. Бұл зиялылардың қызметі кейінгі ұлттық баспасөздің қалыптасуына жол ашып, қазақ журналистикасының іргетасын қалау ісінде маңызды рөл атқарды.

 

Басылымның ең құнды қырларының бірі – ғылым мен білімді дәріптеуі болды. Мәселен, 1870 жылғы желтоқсан айындағы нөмірінде күн тұтылу құбылысы ғылыми тұрғыдан түсіндіріліп, телеграф байланысының мүмкіндіктері баяндалды. Сонымен қатар әйел теңдігі мәселесі өткір көтерілді. 1875 жылғы мақалалардың бірінде жас қыздарды атастыруға қарсылық білдіріліп, әйелдің өз еркімен тұрмыс құру құқығы сөз болды. Бұл қадам қазақ қоғамында әлеуметтік әділеттіліктің жаңаша ұғымын орнықтыруға ықпал етті.

 

«Түркістан уалаятының газеті» ұлт тарихын ардақтауға да зор үлес қосты. Онда Кенесары, Сырым, Исатай-Махамбет бастаған ерлік жорықтары жөнінде жазылып, халықтың азаттық рухы дәріптелді. Сондай-ақ ауыз әдебиетінің інжу-маржандары – мақал-мәтелдер, айтыстар, дастандар («Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс батыр») жарияланып, оқырманға рухани нәр берді. Бұған қоса басылым бетінде Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы секілді ақындардың шығармалары, айтыскерлердің суырыпсалма туындылары жарық көрді. Осы арқылы газет тек ресми ақпарат көзі ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің насихатшысына айналды.

 

Газетте жарияланған халықтық аңыз-әңгімелер де елдің ой-санасын тәрбиелеуде ерекше рөл атқарды. Соның бірі – «Бір қатынның тапқыр жауабы» жайлы хикая. Онда жесір қалған әйел Махмұд патшаның соғыс ашу қаупіне қарсы ақылымен тоқтау салады. Әйелдің сөзіне қарағанда, егер патша оны жеңсе, «қатынды жеңді» деген атпен күлкіге қалады, ал жеңілсе, одан да ауыр масқараға қалады. Осы уәжді естіген Махмұд соғысты тоқтатып, кері қайтады. Бұл мысал халық даналығының күшін, тапқыр сөздің қылыштан да өткір болатынын паш етеді.

 

Қорытындылай айтқанда, «Түркістан уалаятының газеті» – қазақ журналистикасының бастауында тұрған алғашқы әрі аса ықпалды басылым. Ресми түрде биліктің үні болғанымен, бейресми бөлімдері арқылы елді ғылым-білімге жетеледі, әлеуметтік әділеттілікті дәріптеді, ұлттық сананы оятты. Сондықтан да оны ағартушылықтың шамшырағы, ұлттық ойдың айқын жаршысы деп бағалауға толық негіз бар.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1.Нұсқабайұлы Ж. Қазақ журналистикасының тарихы

2. Түркістан уалаятының газеті: Ү.Х.Субханбердина

3. Қазақ журналистикасының тарихы: Қ.Аллаберген,Ж.Нұсқабайұлы , Ф.Оразаев

 

 

Нұрбек Ансар ҚазҰУ- дың 1-курс студенті.

Ғылым жетекшісі:фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар